(Для регионов)193
(Для г. Алматы) 2 581 500
Звоните в CALL-CENTER бесплатно!
«Қазтелерадио» АҚ қызметкерлері мерейтойлық V-ші қайырымдылық Алматы марафонына қатысты
2016-04-26

Алматыда жыл сайынғы қайырымдылық марафоны өтті. Көлемі жағынан ауқымды қалалық марафонға әлемнің әр елінен шамамен 13 мың адам қатысты.

Марафон басталмас бұрын қала әкімі Бауыржан Байбек қатысушыларға сәт-сапар тілеп, жиналған қауымға азаматтық белсенділік танытқандары үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, әкім Ольга Шишигина мен Александр Винокуровтей олимпиада жеңімпаздары, Диас Абылаев, Аружан Жазылбекова, Нұртас Адамбаев, Қайрат Нұртас, Әбдукәрім Кәримов, Ермек Меденов, Мұрат Тұтырғанов секілді қазақстандық әртістермен бірге мерейтойлық жарысқа шықты.

Марафон төрт қашықтықта өтті: жас ерекшеліктеріне қарай қатысушыларға 3 шақырым (балалар), 10 шақырым, 21 шақырым, 42 шақырым 195 метр, сонымен қатар Экидене (марафон эстафетасы) қашықтықтарда жүгіру ұсынылды. Биылғы марафонның жаңалығы сол – 10 шақырымға скандинавиялық жүріс болды.

Шараға 10 мен 75 жас аралығындағы желаяқтар қатысты. Айта кетерлік бір жәйт, қатысушылардың басым бөлігі әуесқой спортшылар, әрі марафонға салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтыру үшін ғана қатысты.


«Қазтелерадио» АҚ Орталық аппараты және Алматы облыстық филиалының 12 қызметкері 10 шақырымдық ең адам көп қатысқан жарысқа ат салысты.

«Қазтелерадио» АҚ жанкүйерлер тобы өзге де жанкүйерлермен бірге марафонға қатысушыларды қошаметпен шығарып салып, Орталық стадиондағы мәре сызығынан қарсы алды.


«Қазтелерадио» АҚ жүгірушілерінің қатарынан филиал қызметкерлері: Қуат Тайрабеков пен Ғалым Мырзалы мәре сызығын бірінші болып аттады. Біздің құрама топтың қалған мүшелері де көп ұзамай мәреге жетті.

Марафон жарысы аяқталған соң жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті. Олардың арасында марафонға қатысу үшін Алматыға арнайы ат терлетіп келген шетелдік қонақтар да бар. Жеңімпаздардың есімдері жазылған нәтиже http://almaty-marathon.kz/ сайтында көрсетілген.

10 шақырымдық қашықтықта жеңімпаздар анықталған жоқ, алайда бұл біздің қызметкерлердің көңіліне қаяу түсірген жоқ. Өйткені барлығы жаңа қуат алып, сергіп қалды.

«Қазтелерадио» АҚ ұжымы қала мен еліміздегі осындай ауқымды, маңызды шараға белсене ат салысқандары үшін Қатысушылар мен Жанкүйерлерге алғысын білдіреді.

Марафонға қатысу үшін әрбір адам 2 мыңнан 4 мың теңге аралығында төлемақы төлеуі тиіс болған. Жиналған қаражатқа «АРДИ» мүгедек балаларды емдеу орталығына медициналық қондырғы алуға жұмсалады.

< Кері қайту