(Аймақтар үшін)193
(Алматы қ. үшін) 2 581 500
Call-орталыққа тегін хабарласыңыздар

Б. Сағынтаев: Аналогтық хабар тарату тарих қойнауына енді

Алматы қаласы толығымен цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне көшті

2021 жылдың 3 ақпанында «Көктөбе» телемұнарасында қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысумен цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне көшіп, аналогтық желіні өшіру рәсімі өтті. Өңірде цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін енгізу мемлекеттік жобасы жүзеге асырылды.

«Қазтелерадио» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Нұрымжанов қала әкімін «Көктөбе» телемұнарасында Желіні мониторингтеу және бақылау орталығының, аналогтық және цифрлық таратқыштар қондырғыларының жұмысымен таныстырды.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев цифрлық эфирлік телевизияға көшіру жобасының аяқталғанын хабарлады. Қала әкімі өзінің Instagram-дағы парақшасында цифрландырудың жаңа кезеңінің бастау алуымен аналогтық хабар таратудың тарих қойнауына енетінін атап өтті. «Жобаны кезең-кезеңмен іске асыру кезінде Алматы мен облыстағы 90 цифрлық радиотелевизиялық станса пайдалануға берілді. Бұл – 3,8 миллионнан астам тұрғыны бар 736 елді-мекенді цифрлық эфирлік телехабар тарату жүйесімен қамтуға мүмкіндік ашты», - деп жазды Б. Сағынтаев. Цифрлық стандарт отандық телеарналардың хабар тарату үлесін ұлғайтып, елдің ақпараттық ресурсына тең құқықты қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұған дейін 4-5 телеарнаның орнына қазақстандық 30-ға жуық телеарнаны таңдауға мүмкіндік бар. Бұл ретте қымбат спутниктік табақты орнатудың да, кабельдік операторға ақы төлеудің де қажеті жоқ. Әлеуметтік осал топтағы азаматтар сигнал қабылдағыштар арқылы тегін қамтамасыз етіледі. «Цифрлық» режимге көшудің ресми рәсімі «Көктөбе» телемұнарасында өтті. Ол республикадағы ең биік және тек Алматы аумағын ғана емес, сонымен қатар жақын маңдағы 200 елді мекенді цифрлық сигналмен қамтиды. Бұл Алматы облысы тұрғындарының 40%-ын құрайды.